Астана, 2026 жылғы 8 қыркүйек. Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонының басталуына бір апта қалды. 8 қыркүйек сағат 09:00-дегі жағдай бойынша алты айға созылатын марафонға 149 874 адам қатысуға тіркелді.
Кітап оқу кезеңі 2026 жылғы 15 қыркүйекте басталады. Алты ай ішінде әр қатысушы 15 кітап оқуы тиіс. Осылайша, марафон бір реттік акция емес, қатысушыларға өздерінің жеке кітап оқу бағытын қалыптастырып, оқуды күнделікті өмірінің тұрақты дағдысына айналдыруға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді оқырмандық саяхатқа айналады.
Тіркеу кезеңінің өзінде-ақ бастамаға түрлі жастағы және әртүрлі кәсіби орта өкілдері белсенді қосылуда.
Бүгінде «Кітап оқитын мектеп» бағытына 74 081 адам, ал «Кітап оқитын педагог» бағытына 30 555 адам тіркелді. Яғни 104 мыңнан астам оқушы мен педагог марафонға қатысуға ниет білдіріп отыр.
Студенттер арасындағы оқырман қауым да белсенді қалыптасуда. «Кітап оқитын колледж» бағытына 17 292 адам, «Кітап оқитын университет» бағытына 7 031 адам тіркелді. Сонымен қатар 11 233 адам «Кітап оқитын зияткер» бағытын таңдаған.
Марафонға мемлекеттік қызметшілер де қосылуда. 6 523 қатысушы «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты бойынша тіркелген.
Жеке бағыт ретінде ұсынылған «Кітап оқитын әулет» жобасы 3 205 қатысушыны біріктіріп отыр. Бұл бағыттың ерекшелігі — кітап оқуды әр буын өкілдерін біріктіретін отбасылық дәстүр ретінде дәріптеуінде.
Осылайша, марафонның негізгі кезеңі басталмай тұрып-ақ үлкен әрі сан алуан оқырман қауымы қалыптасып келеді. Біреулер үшін бұл — күнделікті өмірге тұрақты кітап оқу әдетін қайта енгізудің мүмкіндігі болса, енді біреулер үшін — жаңа авторлар мен әдеби жанрларды ашудың жолы. Ал кейбір қатысушылар өздерінің оқырмандық тәжірибесін әріптестерімен, достарымен немесе отбасы мүшелерімен бөліседі.
15 қыркүйекте марафонның жаңа кезеңі басталады — алты ай, 15 кітап және мыңдаған жеке оқырмандық тарих.
«Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркелу жалғасуда.