Бүгін «Кітап оқитын ұлт» марафонының 73-күні. Қатысушылардың алдында тағы 103 күн бар, ал қазір олар он бес кітаптың жетіншісін оқуда. Осы уақыт аралығында қатысушылар 1,8 млн-нан астам кітап оқып, 104 мыңнан астам бейнепікір жариялады, жалпы 453 млн-нан астам ұпай жинады.
Ел бойынша ең жоғары белсенділіктің бірін Солтүстік Қазақстан облысы көрсетіп отыр. Мұнда белсенді оқырмандардың үлесі 84,6% — бұл үнемі кітап оқып, пікір жазып, марафон бағдары бойынша алға жылжып келе жатқан 16 976 адам.
Жоғары оқу орындарының студенттерін ерекше атап өткен жөн. Облыста «Кітап оқитын университет» бағыты бойынша 1 200-ден астам студент қатысуда.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы курсанттары ерекше белсенділік танытуда — марафонға 450 болашақ офицер қатысуда.
Академия басшылығы курсанттардың кітап оқуына қолайлы жағдай жасап, барлық мүмкіндікті қарастырған. Курсанттар демалыс күнін — жексенбіні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткізеді. Бұрын жексенбі кітапхананың демалыс күні болатын. Курсанттар өздеріне ыңғайлы уақытта келе алуы үшін кітапхана оларға қолдау көрсетіп, жексенбіні жұмыс күніне айналдырды, ал демалысты аптаның басқа күніне ауыстырды.
«Курсанттарды демалыс күні кітапханаға алғаш алып келгенімізде, шынымды айтсам, алаңдадым. Он сегіз жастағы бозбалалар жалғыз бос күнін кітап оқумен өткізгісі келе ме екен деген ой болды. Кейін олардың оқығандары туралы пікір таластырып, бір-біріне кітап ұсынып, оқу залында жабылғанға дейін отырып қалатынын көрдім. Офицер — сарбаздарын соңынан ерте білетін адам. Ол үшін жалғыз тәртіптің өзі жеткіліксіз. Адамды түсініп, жүрекке жол табатын сөз айта білу керек. Осыны кітап үйретеді» — Арман Сыздықов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы 2-оқу батальоны командирінің орынбасары.
«Үйде аз оқитынмын, үнемі уақыт жоқ сияқты көрінетін. Ал мұнда жексенбі ең сүйікті күніме айналды. Таңертең кітапханаға барамыз, сонда асықпай, кітаппен оңаша қалуға болады. Қазір марафонның жетінші кітабын бастадым. Ата-анама қоңырау шалғанда, оқуым туралы ғана емес, оқыған кітаптарым туралы да айтамын. Анам менің басқаша, ересек адамша сөйлей бастағанымды айтады. Сірә, солай шығар» — Алпамыс Есбалаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы бірінші курс курсанты.