Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына Димаш Құдайберген қосылды. Димаш Қазақстанда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды бастаманы қолдап, «Parasat» байқаудан тыс бағытына қатысатын болды.
«Кітап оқитын ұлт» марафоны еліміздің әртүрлі жастағы, түрлі мамандық иелері мен өңірлерінен келген адамдарды кітап, білім және өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс төңірегінде біріктіреді. Марафонға байқаудан тыс форматта оқырмандық қозғалысты қолдап, өзгелерді өз үлгісі арқылы әдебиетке жиірек жүгінуге шабыттандырғысы келетін кез келген адам қатыса алады.
Димаш Құдайбергеннің марафонға қатысуы — «Кітап оқитын ұлт» бастамасының тағы бір жарқын оқиғасы. Бұл кітап оқу мәдениетінің мектеп оқушылары мен студенттерден бастап, өнер және мәдениет саласының танымал өкілдеріне дейін әртүрлі адамдарды біріктіретінін көрсетеді.
Димаш кітап оқудың жаңа білім мен қарым-қатынас көзіне айналуының маңыздылығын атап өтті:
«“Кітап оқитын ұлт” марафоны жаңа кітаптарды оқуға, олардан тағылым алуға және оқығанымызбен бір-бірімізбен бөлісуге ынталандырсын!» — деді Димаш Құдайберген.
«Parasat» бағыты марафон идеясын байқаудан тыс қолдағысы келетін қатысушылар үшін құрылған. Мұнда бастысы — кітапқа деген қызығушылық, жаңа дүниені білуге деген ұмтылыс және оқыған кітаптан алған әсерлермен бөлісу.
Димаш Құдайбергеннің «Кітап оқитын ұлт» марафонына қосылуы — кітап оқуды күнделікті өмірдің табиғи бір бөлігіне айналдырып, адамдарды білім, идея және шабыт төңірегінде біріктіруге жасалған тағы бір қадам.