«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫ БАСТАЛДЫ

«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫ БАСТАЛДЫ

2026 жылғы 15 қыркүйекте «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына ресми түрде старт берілді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар жаңа қатысушыларды тіркеу мерзімін 2026 жылдың 27 қыркүйегіне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Яғни марафонға жасына және тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген ниет білдіруші қатыса алады.


Жобаға қазірдің өзінде 1 миллионнан астам қатысушы қосылды. Бүгін олар марафонның екінші кезеңіне — кітаптарды тікелей оқуға кіріседі.


Екінші кезең: қатысушылар кітап оқуға кірісті

Бүгіннен бастап марафон белсенді кезеңіне көшеді. Тіркеуден өткен қатысушылар өздері оқитын кітаптарды таңдап, жобаның бірыңғай ережесіне сәйкес жүйелі түрде кітап оқуға кіріседі.

Екінші кезеңнің шарттары қатысушылар арасында тұрақты әрі саналы оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған:

  • кезеңнің ұзақтығы — 6 ай. Осы уақыт ішінде әр қатысушы 15 кітап оқуы тиіс;

  • кітап оқу белгіленген кесте бойынша жүргізіледі: бір кітапты шамамен 12 күнде аяқтау жоспарланған. Бұл әртүрлі деңгейдегі жұмысбастылығы бар қатысушылар үшін оқу жүктемесін біркелкі әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді;

  • әр кітапты оқып болғаннан кейін қатысушы кітап туралы пікірін дайындап, жариялайды және оны тексеруге жібереді;
  • пікірлер модерациядан өтеді. Бұл кері байланыстың мазмұнды болуын және кітаптың шын мәнінде оқылғанын растауды қамтамасыз етеді;

  • әр қатысушының оқу барысы жеке кабинетінде тіркеліп отырады. Бұл алты ай бойы оқу динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай формат кітап оқуды бір реттік бастамадан жүйелі әдетке айналдырып, қатысушыларға өз мақсатына — алты ай ішінде 15 кітап оқуға — саналы түрде қадам басуға мүмкіндік береді.

Марафонда нәтижелерді объективті әрі ашық бағалау үшін көпдеңгейлі балдық жүйе енгізілген. Ол тек кітап оқудың өзін ғана емес, қатысушылардың тәртібі мен белсенділігін де ынталандырады.


1. Оқылған кітаптар үшін негізгі балл.
Әр оқылған және расталған кітап үшін қатысушыға 250 балл беріледі. Бұл рейтингтің негізгі көрсеткіші болып табылады және атқарылған жұмыстың нақты көлемін көрсетеді.

2. Кестені сақтағаны үшін бонус. Қатысушы белгіленген оқу кестесін қатаң сақтаған жағдайда қосымша 50 балл ала алады. Яғни кітап шамамен 12 күн ішінде оқылып, пікір уақытында жарияланып, модерациядан сәтті өтуі тиіс. Бұл бонус марафон соңына дейін кітапты оқып бітірумен қатар, тұрақты оқу дағдысының негізі болып саналатын жүйелілікті сақтауға ынталандырады.

3. Бейнепікір үшін бонус. Нәтижесін арттырудың тағы бір мүмкіндігі — оқылған кітап туралы бейнепікір дайындап, оны өзінің әлеуметтік желілерінде жариялау. Бұл үшін қатысушыға қосымша балл беріледі. Мұндай формат оқылған кітапты тереңірек түсініп, ой елегінен өткізуге ықпал етіп қана қоймай, қатысушыларға өз әсерлерін кең аудиториямен бөлісуге мүмкіндік береді. Осы арқылы марафонды одан әрі танымал етуге және жаңа оқырмандарды тартуға үлес қосылады.

Негізгі және бонус балдардың жиынтығы әр қатысушының жеке рейтингін қалыптастырады. Бұл көрсеткіш марафонның ең белсенді оқырмандарын анықтау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Марафон статистикасы ашық қолжетімді болады

Жобаның негізгі элементтерінің бірі — деректері ашық қолжетімді болатын бірыңғай мониторинг жүйесі. Ол бүкіл ел бойынша кітап оқу динамикасын — жекелеген аудандардан бастап өңірлерге дейін — нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Ашық статистикада:

  • қалалар, аудандар және өңірлер бойынша оқылған кітаптар саны;
  • марафонның әр кезеңіндегі қатысушылардың белсенділік динамикасы;
  • аумақтар арасындағы белсенділіктің салыстырмалы көрсеткіштері көрсетіледі.

Мұндай ашықтық марафонға деген сенімді арттырып қана қоймай, қалалар мен өңірлер арасында салауатты бәсекелестік қалыптастырады. Тұрғындар өз өңірінің кітап оқу белсенділігін басқа аумақтармен салыстырып көре алады. Бұл марафонға қосылуға және жеке оқу белсенділігін арттыруға қосымша ынталандыру болады.

 «Кітап оқитын ұлт» — халықтың қалың бұқарасы арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға, оқу мәдениетін дамытуға және тұрақты кітап оқу әдетін қалыптастыруға бағытталған республикалық бастама.

Марафон еліміздің барлық өңірлерінен әр жастағы қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды жеке қажеттілік қана емес, қоғамдық маңызы бар ортақ құндылыққа айналдыруға жағдай жасайды.

«Кітап оқитын ұлт» марафоны қатысушылар қатарын толықтыруды жалғастыруда және кітап оқуды бағалайтын, үлкен мәдени қозғалыстың бір бөлігі болғысы келетін барша азаматты марафонға қосылуға шақырады.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының ұйымдастырушысы — «Кітап оқитын ұлт - Читающая нация» қоғамдық қоры.