Қоғам тарапынан түскен көптеген өтініш пен ұсынысты ескере отырып, республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны аясында байқаудан тыс қатысуға мүмкіндік беретін Parasat арнайы бағыты іске қосылды.
Жаңа бағыт кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдырып, оқу мәдениетін жеке үлгісі арқылы қолдауға ниетті, алайда жарысқа қатысып, жүлделі орындар үшін бәсекеге түсуді мақсат етпейтін азаматтарға арналған.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны қатысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, кітап оқуға, оқыған шығармалары туралы ой-пікірімен бөлісуге және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосқысы келетін жандарды біріктіретін жаңа форматты ұсынады.
Марафонның негізгі бағыты байқау форматында өтеді. Алайда жобаға деген қоғамдық қызығушылық көптеген адамның «Кітап оқитын ұлт» қозғалысына қосылып, кітап оқып, өз әсерімен бөліскісі келетінін көрсетті.
Сонымен қатар олардың барлығы бірдей бәсекеге түсіп, жүлде үшін таласуға ұмтылмайды. Parasat бағыты дәл осы сұранысты ескере отырып іске қосылды.
Parasat кітап оқуды адамның өзін-өзі дамытуының маңызды бөлігі деп санайтын және оқу мәдениетін жеке үлгісі арқылы қолдауға дайын адамдарды біріктіреді.
Арнайы бағытқа мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, түрлі кәсіби қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ шетелде тұратын қазақстандықтар мен отандастар қатыса алады.
Parasat баршаға ашық. Қатысу үшін адамның мамандығы, лауазымы, тұрғылықты жері немесе азаматтығы маңызды емес.
«Кітап оқитын ұлт — тек байқау немесе жүлделі орындар үшін жарыс емес. Бұл — кітап оқуды қоғамның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналдыруға бағытталған ортақ идея. Parasat осы идеяны жеке үлгі арқылы қолдауға мүмкіндік береді. Кітап оқып, өз ойыңмен бөлісу арқылы әр адам оқу мәдениетінің дамуына үлес қоса алады. Себебі кітап оқу адамдарды әлеуметтік мәртебесіне немесе кәсібіне қарамастан біріктіреді», — дейді марафон ұйымдастырушылары.
Parasat бағытының қатысушылары республикалық марафонның бірыңғай тізіміне енген 15 шығарманы оқуы қажет. Тізімде қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалар қамтылған.
Әр шығарманы оқып болған соң қатысушы өзінің жеке кабинетінде қысқаша пікір қалдырады. Бұл жерде ол кітаптан алған әсерін, өз ойын және шығармаға қатысты көзқарасын бөлісе алады.
Осылайша, Parasat форматы кітапты оқып шыққанын белгілеумен ғана шектелмейді. Қатысушылар шығармалардың мазмұнын ой елегінен өткізіп, өз пікірлерін білдіруге және басқа оқырмандармен интеллектуалдық пікір алмасуға мүмкіндік алады.
Марафонның қорытынды кезеңінде барлық 15 шығарма бойынша онлайн тестілеу өткізіледі. Тест қатысушылардың шығармаларды оқып шыққанын растауға мүмкіндік береді.
Parasat арнайы бағытына тіркелу ашық және 2026 жылғы 30 қазанға дейін жалғасады.