Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны ауқымын кеңейтіп келеді. 11 қыркүйек сағат 10:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңірінен 520 мыңнан астам адам марафонға тіркелді.
Марафон оқу мәдениетінің жасына, мамандығына және тұрғылықты жеріне қарамастан адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетіп отыр. Бастамаға ауылдық елді мекендер мен аудандардан бастап, қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындарына дейін қатысып, марафонды жалпыұлттық ауқымдағы үлкен оқырман қозғалысына айналдыруда.
Өңірлер арасында белсенділік жоғары. Қатысушылар саны бойынша алғашқы үштікті:
- Ақтөбе облысы — 71 679 қатысушы;
- Жамбыл облысы — 68 910 қатысушы;
- Қызылорда облысы — 60 634 қатысушы құрап отыр.
Марафонның барлық бағыттары бойынша да жоғары қызығушылық байқалады. Қатысушылардың басым бөлігі «Кітап оқитын мектеп» бағытына тіркелген — шамамен 248 мың адам. Одан кейін «Кітап оқитын педагог» — 96 мың, «Кітап оқитын колледж» — 65 мың, «Кітап оқитын университет» — 40 мың, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — 30 мың, «Кітап оқитын зияткер» — 25 мың және «Кітап оқитын әулет» — 11 мың қатысушы бар.
Осылайша, марафон қоғамның бірнеше буыны мен түрлі әлеуметтік топтарын қамтып отыр. Оған мектеп оқушылары мен педагогтерден бастап, студенттер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер мен зиялы қауым өкілдеріне дейін қатысуда.
Марафонға қатысушылардың тілдік көрсеткіштері де ерекше назар аударады. Тіркелгендердің шамамен 369 мыңы қазақ тілін таңдаған, бұл жалпы қатысушылардың 71 пайызын құрайды. Ал 150 мың адам, яғни 29 пайызы, орыс тілінде қатысуда.
Бұл көрсеткіштер «Кітап оқитын ұлт» марафонының географиялық және тілдік тұрғыдан кең ауқымды қамтып, азаматтарды ортақ құндылық — кітап оқу мәдениетін дамыту мен кітапты насихаттау идеясы төңірегіне біріктіріп отырғанын көрсетеді.
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркелу 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Кітап оқуға, өз үлгісімен өзгелерді шабыттандыруға және еліміздің үлкен оқырман қауымдастығына қосылуға әлі де мүмкіндік бар.