«Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын өткізу туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Осы Ереже «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын (бұдан әрі – Жоба) ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды.

2. Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде жыл сайын өткізіледі.

3. Жоба оқу мәдениетін қалыптастыруға, жоғары оқырмандық құзыретке, оқығанын пайымдап, көпшілік алдында таныстыра білу қабілетіне ие, сондай-ақ қоғамда кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге дайын зияткер көшбасшыларды анықтауға бағытталған.

4. Азаматтарды жаппай тарту мақсатында Жоба «Оқитын ұлт» кітап оқу республикалық марафоны (бұдан әрі – Марафон) негізінде іске асырылады.

2. Жобаның мақсаты мен міндеттері

5. Жобаның мақсаты – оқу мәдениетін дамыту, халықтың оқырмандық белсенділігін арттыру, кітап оқудың қоғамдық беделін қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының үздік оқырмандарын анықтау, қолдау және қоғам алдында мойындаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру.

6. Жобаның міндеттері:

  • отандық және әлемдік көркем, ғылыми-көпшілік және іскерлік әдебиетті халық арасында кеңінен насихаттау;
  • азаматтардың әртүрлі санаттарын үздіксіз оқу үдерісіне жүйелі түрде тарту және кітап оқуды күнделікті әлеуметтік норма ретінде орнықтыру;
  • аудандық, өңірлік және республикалық деңгейлерде жаңа зияткер көшбасшыларды анықтау, қолдау және насихаттау;
  • кітапхана жүйесі мен білім беру кеңістіктерінің азаматтарды ағарту және зияткерлік демалыс орталықтары ретіндегі рөлін күшейту.

7. Жобаны іске асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:

  • қатысудың еріктілігі;
  • іріктеу және бағалау рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығы;
  • қос тілділік – мемлекеттік және орыс тілдерінде қатысу үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету;
  • кезеңділік – аудандық (қалалық), облыстық (өңірлік) және республикалық деңгейлерден дәйекті түрде өту.

8. Жобаны ұйымдастыру және өткізу Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұдан әрі – Уәкілетті орган) мүдделі орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорымен (бұдан әрі – Жоба операторы) өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.

3. Жобаны ұйымдастырушылар мен қатысушылар

9. Уәкілетті орган:

  • Жобаға жалпы басшылықты, ведомствоаралық үйлестіруді және нормативтік-әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асырады;
  • Жобаны өткізу үшін қажетті ұйымдастырушылық және әдістемелік құжаттарды, оның ішінде осы Ереженің қосымшасына сәйкес қатысушыларды бағалау әдістемесін (бұдан әрі – Әдістеме) бекітеді;
  • мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жазушылар, мәдениет, ғылым және білім беру салаларының өкілдері қатарынан Республикалық комиссияның құрамын қалыптастырады және бекітеді;
  • Жобаны өткізу кезінде объективтілік, ашықтық талаптарының сақталуын және мүдделер қақтығысына жол бермеуді қамтамасыз етеді;
  • Жобаны іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді;
  • Республикалық финалды және Жоба жеңімпаздарын марапаттау рәсімін ұйымдастырады;
  • Жобаны ақпараттық сүйемелдеуді және ілгерілетуді қамтамасыз етеді;
  • Жобаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және тиісті шешімдер қабылдайды;
  • осы Ережеде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

10. Жергілікті атқарушы органдар (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың әкімдіктері):

  • тиісті аумақта Жобаның өңірлік кезеңдерін осы Ережеге және Уәкілетті органның әдістемелік құжаттарына сәйкес ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;
  • өңірлік ұйымдастыру комитеттері мен комиссияларын қалыптастырады және олардың жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді;
  • аудандық (қалалық) және облыстық іріктеу кезеңдерін өткізуді қамтамасыз етеді;
  • іріктеу кезеңдерін өткізу үшін қажетті кітапханалық-ақпараттық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық жағдайларды қамтамасыз етеді;
  • өңірлік жүлде қорын қалыптастыруды және тиісті кезеңдердің жеңімпаздарын марапаттауды қамтамасыз етеді;
  • Уәкілетті органға және Жоба операторына өңірлік іріктеу қорытындылары бойынша қажетті материалдар мен жеңімпаздар туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді;
  • тиісті аумақта Жобаны ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;
  • жеңімпаздарды жергілікті деңгейде марапаттауды ұйымдастырады.

11. Жоба операторы:

  • Жобаны ұйымдастырушылық-техникалық, әдістемелік және операциялық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
  • Жобаның ресми ақпараттық платформасын – reading-nation.kz (бұдан әрі – Платформа) әкімшілендіруді қамтамасыз етеді;
  • қатысушыларды тіркеуді, онлайн-тестілеуді және Жобаның өзге де цифрлық кезеңдерін техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;
  • өз құзыреті шегінде Жобаны ақпараттық және коммуникациялық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;
  • Жоба кезеңдерінің қорытындылары бойынша Уәкілетті органға және комиссияларға қажетті ұйымдастырушылық және ақпараттық материалдарды қалыптастырады және ұсынады;
  • Жобаның бірыңғай фирмалық стилінің сақталуын қамтамасыз етеді;
  • осы Ережеде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

12. Республикалық комиссия:

  • Жобаға қатысушылардың санаттары бойынша кітаптар тізбесін бекітеді;
  • Республикалық финалға қатысушыларды бағалайды;
  • конкурстық тапсырмалардың нәтижелері мен қорытынды бағалау негізінде Жобаның 10 жеңімпазын айқындайды;
  • жеңімпаздарды айқындау кезінде объективтілікті, ашықтықты және барлық қатысушылар үшін тең жағдайларды қамтамасыз етеді;
  • осы Ережеде реттелмеген және Республикалық финалды өткізу барысында туындайтын даулы мәселелерді қарайды және олар бойынша алқалы шешімдер қабылдайды;
  • өңірлік комиссиялардан және қатысушыларды іріктеуді ұйымдастырушылардан іріктеу нәтижелеріне байланысты қажетті материалдар мен мәліметтерді сұратуға құқылы;
  • қорытынды шешімді хаттамамен рәсімдейді, оған Республикалық комиссияның төрағасы мен төрағасының орынбасарлары қол қояды және ол Жоба нәтижелерін бекітуге негіз болып табылады;
  • Республикалық комиссияның құрамына шығармалары Жобаның кітаптар тізбесіне енгізілген авторлар мен баспалардың өкілдері, сондай-ақ Жобаның нәтижелеріне жеке мүдделілігі бар өзге де тұлғалар енгізілмейді;
  • Республикалық комиссияның мүшелері Жобаның барлық қатысушыларына объективтілік, бейтараптық және тең қатынас қағидаттарын сақтауға міндетті;
  • мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда Республикалық комиссияның мүшесі бұл туралы Республикалық комиссияның төрағасына дереу хабарлауға және тиісті қатысушыны немесе конкурстық тапсырманы қарауға және бағалауға қатыспауға міндетті.

13. Жобаға қатысушылар

Жобаға жасына, кәсібіне, біліміне, қызмет түріне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Жобаға қатысушылар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады және мынадай санаттардың біріне жатады:

  1. жалпы білім беретін мектептердің 6–10 сынып оқушылары;
  2. техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары;
  3. жоғары білім беру ұйымдарының студенттері;
  4. жалпы білім беретін мектептердің және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері;
  5. үш буыннан тұратын отбасылық әулеттердің өкілдері – бірлесіп кітап оқу және мәдени-ағартушылық қызметке қатысу дәстүрі қалыптасқан отбасыларды білдіретін Қазақстан Республикасының азаматтары;
  6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері;
  7. көрсетілген санаттарға жатпайтын Қазақстан Республикасының өзге де азаматтары;
  8. «Parasat» – жалпы конкурс шеңберінен тыс қатысушыларға арналған арнайы санат.

Жобаға қатысушылардың санаттары бойынша регламенттерді Жоба операторы бекітеді және Платформада жариялайды.

Жоба жеңімпаздары Республикалық финал қорытындысы бойынша қатысушының қатысқан санатына қарамастан жеке нәтижелері негізінде айқындалады.

Қатысушы тіркелу кезінде қатысудың тек бір санатын таңдауға құқылы.

4. Тіркеу тәртібі

14. Жобаның басталуы және қатысушыларды тіркеудің басталуы – 2026 жылғы 1 қыркүйек.

Өтінімдерді қабылдау кезеңі – 2026 жылғы қыркүйек айы.

Кітап оқу негізгі кезеңі – 2026 жылғы қыркүйек – 2027 жылғы наурыз.

Іріктеу кезеңдері 2027 жылғы наурыз және сәуір айларында өткізіледі.

Республикалық финал Ұлттық кітап күніне орайластырылады.

Қатысушыларды тіркеу, материалдарды ұсыну және оқырмандық белсенділікті есепке алу Платформада электрондық форматта жүзеге асырылады.

Тіркелу кезінде қатысушы жеке кабинет ашады, деректерін растайды және қатысудың бір санатын таңдайды.

5. Жобаның кітаптар тізбесі

15. Әрбір санаттағы қатысушылар үшін Жобаны іске асыру кезеңінде 15 кітап көлемінде бірыңғай оқу нормативі белгіленеді.

Кітаптар тізбесі Республикалық комиссия тарапынан қалыптастырылады және бекітіледі және Платформада жарияланады.

Кітаптар тізбесіне отандық әдебиет, әлемдік классика және қазақ және орыс тілдеріндегі қазіргі заманғы танымал басылымдар енгізіледі.

6. «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонын өткізу тәртібі

16. Марафон Жобаның жаппай қатысуға арналған бөлігі болып табылады және азаматтарды жүйелі түрде кітап оқуға және оқу мәдениетін танымал ету жөніндегі іс-шараларға қатысуға тартуға бағытталған. Марафонды өткізу тәртібі Жоба операторының регламентімен айқындалады.

Марафон қорытындысы бойынша Жоба операторы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мынадай номинациялар бойынша жеңімпаздарды айқындауды және көтермелеуді қамтамасыз етеді: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын зияткер».

7. «Жылдың 10 оқырманы» республикалық финалын өткізу кезеңдері

17. Жоба екі кезеңде өткізіледі:

I кезең – облыстық (өңірлік) іріктеу кезеңі: Марафон финалистеріне арналған шығармашылық тапсырма және көпшілік алдында сөз сөйлеу. Кезең қорытындысы бойынша Республикалық финалға қатысушылар айқындалады.

II кезең – Республикалық финал: бетпе-бет форматтағы қорытынды сынақтар және көпшілік алдында сөз сөйлеу. Кезең қорытындысы бойынша Жоба жеңімпаздары айқындалады.

Республикалық финалға қатысушылардың саны, конкурстық тапсырмалардың мазмұны, оларды өткізу тәртібі мен мерзімдері Уәкілетті органмен айқындалады.

8. Қатысушыларды бағалау және жеңімпаздарды айқындау тәртібі

18. Қатысушыларды бағалауды Республикалық комиссия Әдістемеге сәйкес жүзеге асырады.

Республикалық финал қорытындысы бойынша қатысушылардың жеке қорытынды нәтижелері негізінде «Parasat» санатына қатысушыларды қоспағанда, қатысу санатына қарамастан Жобаның 10 жеңімпазы айқындалады.

Жобаның жеңімпаздарына «Жылдың оқырманы» атағы беріледі.

Республикалық комиссияның шешімі техникалық қателер, белгіленген рәсімнің бұзылуы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мән-жайлар анықталған жағдайларды қоспағанда, түпкілікті болып табылады.

9. Марапаттау және қаржыландыру

19. Республикалық жүлде қоры Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Уәкілетті органның республикалық бюджет қаражаты есебінен қалыптастырылады. Республикалық финалдың қорытындысы бойынша анықталған 10 жеңімпаздың әрқайсысына 10 миллион теңгеден ақшалай сыйлық беріледі.

Өңірлік жүлде қоры жергілікті атқарушы органдар тарапынан жергілікті бюджеттер және бюджеттен тыс көздер қаражаты есебінен Жобаның және Марафонның іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздарын ынталандыру және көтермелеу үшін қалыптастырылады. Жобаның жеңімпаздары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Жобаны қаржылық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті іс-шараларды өткізуге көзделген бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған демеушілердің, меценаттардың, қайырымдылық ұйымдарының және өзге де заңды тұлғалардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

10. Қорытынды ережелер

20. Жобаны ұйымдастырушылық, ақпараттық және әдістемелік сүйемелдеу оны іске асыруға қатысушылардың өкілеттіктері шегінде жүзеге асырылады.