Мәтіндік және бейнепікірлерді дайындау ережелері
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысушылар үшін
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы Ережелер «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына (бұдан әрі — Марафон) қатысушылардың мәтіндік және бейнепікірлерін дайындау, рәсімдеу және модерациядан өткізу бойынша бірыңғай талаптарды айқындайды.
1.2. Марафонның ресми ақпараттық ресурсы reading-nation.kz интернет-порталы болып табылады.
2. Мәтіндік пікірлерге қойылатын талаптар
2.1. Өз бетінше жазу: пікір мәтінін қатысушы www.reading-nation.kz сайтындағы жеке кабинетінде өз бетінше жазуы тиіс. Жасанды интеллект жүйелерін (ЖИ) пайдалануға, Интернет желісінен бөтен мәтіндер мен рецензияларды толығымен немесе ішінара көшіруге, сондай-ақ кітаптан тікелей көлемді үзінділерді (мәтіндерді) қолдануға тыйым салынады.
2.2. Тілдік сәйкестік: пікір қатысушы кітапты оқыған тілде жазылуы тиіс.
2.3. Мазмұны: пікірдің мазмұны оқылған кітапқа дәл сәйкес келіп, сюжетті, проблемалық мәселені немесе шығарманың басты идеяларын жеке пайымдау мен ұғынуды көрсетуі тиіс, үстіртін мазмұндау болмауға тиіс.
2.4. Көлемі: мәтіндік пікірдің көлемі бос орындарды қосқанда 500-ден 5000 таңбаға дейін болуы тиіс.
3. Бейнепікірлерге және қосымша балдарды есептеуге қойылатын талаптар
3.1. Авторлық: бейнепікірді қатысушының өзі дайындауы тиіс (оқылған кітапты жеке таныстыру/презентациялау).
3.2. Хронометраж: бейнепікірдің ұсынылатын ұзақтығы — 1-ден 2 минутқа дейін.
3.3. Орналастыру: бейнепікірді Instagram, TikTok және YouTube әлеуметтік желілерінде жариялау ұсынылады.
3.4. Қолжетімділік: Марафонның техникалық қызметі мен модераторлары жарияланымды кедергісіз көре алуы үшін қатысушының әлеуметтік желідегі аккаунты модерация кезінде ашық (жария) болуы тиіс. Сілтемелер дұрыс көрсетілуі қажет.
3.5. Қосу мерзімі және балдарды есептеу: қатысушылар Марафон барысында кез келген уақытта бейнепікірлерге сілтемелерді қоса алады. Міндетті модерациядан өткеннен кейін қатысушыға бейнепікір үшін қосымша 50 балл беріледі.
4. Тексеру, қайта тексеру және балдардың күшін жою тәртібі
4.1. Барлық ұсынылған материалдар (мәтіндік және бейнепікірлер) модерациядан өтеді. Техникалық қиындықтар туындаған жағдайда (жабық аккаунттардағы жарияланымдар, қате немесе шатастырылған сілтемелер) материалдар қосымша қайта тексеруге жіберіледі, соның салдарынан қосымша 50 балды есептеу тексеру аяқталғанға дейін уақытша кешіктірілуі мүмкін.
4.2. Балдардың күшін жою құқығы: қосымша 50 балл модерациядан өту барысында кез келген уақытта қосылуы мүмкін. Бұл ретте ұйымдастырушылар, егер қайта тексеру барысында сілтеме немесе материал белгіленген қағидаларға, ережеге сәйкес келмесе, жабық аккаунтта орналасса немесе түпнұсқалық пен адалдық талаптарын бұзғаны анықталса, кез келген уақытта (Марафонды өткізудің кез келген сатысында, соның ішінде қорытынды шығару және марапаттау кезеңінде) есептелген қосымша балдар мен нәтижелерді алып тастауға (күшін жоюға) құқылы.
5. Адалдық қағидаты және қорытынды қайта тексеру
5.1. Адалдық қағидаты: адалдық қағидатын сақтау — Марафонның маңызды шарты. Қатысушылар барлық қағидаларды қатаң сақтауға, тек өзінің жеке, түпнұсқа және жасанды интеллект көмегімен жазылмаған мәтіндік пікірлерін, сондай-ақ белгіленген талаптарға толық сәйкес келетін бейнепікірлерін жариялауға міндеттеледі.
5.2. Жүлдегерлерді анықтау кезіндегі қорытынды қайта тексеру: жүлдегерлерді анықтау кезеңдерінде (өңірлік деңгейде және финалдық марапаттау, жүлде ақшаларын табыстау кезінде) жеңімпаз атануға үміткерлердің барлық жеке кабинеттері қайта тексеруге жатады. Ұйымдастырушылар Марафонның барлық бастапқы қағидаларының орындалуын, соның ішінде мәтіндік және бейнепікірлердің түпнұсқалығын қайта тексереді. Егер қорытынды тексеру барысында қандай да бір талаптардың бұзылғаны немесе бұрын байқалмай қалғаны анықталса (соның ішінде дұрыс емес бейнепікірлер, қағидаларға сәйкес келмеушіліктер), бұл жүлделі орындар мен марапаттарды беру туралы шешім қабылдаған кезде ескеріледі.