Қостанайда волонтерлік қызметтің жаңа үлгісі – тәлімгерлік волонтерлік басталды. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өңірде тәлімгерлік бағдарлама іске қосылды, ол білім беру көшбасшыларын, педагогтерді, отбасыларды және белсенді оқырмандарды кітап оқу мәдениетін дамытудың бірыңғай желісіне біріктіреді.
Сессия Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өтті. Ол жай талқылау алаңы ғана емес, қоғамдық қатысудың жаңа форматын іске қосудың бастау нүктесі болды – волонтерлік бірреттік акцияларға емес, тәжірибе, білім және көшбасшылықты жеткізуге негізделген.
Кездесудің басты оқиғасы тәлімгерлік бағдарламаның іске қосылуы болды, оның аясында «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінің қатысушылары тәлімгер рөлін атқарады. Бұл волонтерлікке жаңа көзқарас – кәсіби басқарушылар мен педагогтар ерікті түрде мектеп оқушыларын, мұғалімдерді және отбасыларды сүйемелдеп, оларға оқырмандық бастамаларды дамытуға көмектеседі.
Тәлімгерлер жоба қатысушыларына мектептік кітап клубтарын құруда, саналы оқу тәжірибелерін енгізуде, педагогтердің кәсіби кітап оқу қауымдастығын дамытуда және ата-аналарды тартуда қолдау көрсетеді. Осылайша әр қатысушы тек өзі кітап оқып қана қоймай, басқаларға кітап оқу мәдениетінің жетекшісі болатын тұрақты экожүйе қалыптасады.
Еркін форматта қатысушылар жеке ойларымен бөлісіп, кітаптың отбасы мен мектептегі рөлін талқылап, кітап оқудың балалар мен ересектерге жылдам өзгеріп жатқан әлемде бағдарлануға қалай көмектесетіні туралы әңгіме өрбітті. Тәжірибе алмасу жобаның ресми форматтан шығып, жүйелі қоғамдық қозғалысқа айналып бара жатқанын көрсетті.
«Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев жаңа тәсілдің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, оның Мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қалыптастыру идеясын жүзеге асыру аясында іске асырылып жатқанын баса айтты:
«Бүгін біз волонтерліктің жаңа деңгейі туралы айтып отырмыз. Бұл бірреттік көмек емес, адамдардың дамуына әсер ететін саналы тәлімгерлік және жауапкершілік. Қостанай облысында тәлімгерлік бағдарламаның іске қосылуы – үздік тәжірибелердің масштабталуы және әр қатысушының кәсіби өсуі мен шабыт алуына қолдау көрсетілетін тұрақты үлгіге қадам».
Бағдарламаның тәлімгері, Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің оқу жұмысы жөніндегі директор орынбасары Ахат Қамар Закарияқызы былай деді:
«Осы жобаға қатысушы барлық оқушы, студенттерге өз көмегімізді тигізуге атсалысамыз. Оларға мотивация бере отырып, қалай оқу керек екенін, қалай дайындалу керек екендігін осы кітап оқи отырып, ой пікірін айта білуге өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймыз».
Қостанай облысында тәлімгерлік бағдарламаның пилоттық іске қосылуы «Кітап оқитын ұлт» жобасының республикалық тәлімгерлер желісін қалыптастырудағы алғашқы қадамы болды. Бұл тәжірибені елдің басқа өңірлерінде еңгізу жоспарлануда, кітап оқуды жеке әдет қана емес, адамдарды білім, мағына және даму төңірегінде біріктіретін қоғамдық құндылыққа айналдыру көзделіп отыр.